01info.kz- ақпараттық портал

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ: ҚОҒАМ МЕН МЕМЛЕКЕТ АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ДИАЛОГ АЛАҢЫ ҚҰРЫЛАДЫ

0 28

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды. Құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген.

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Халық кеңесі – қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ететін жоғары конституциялық консультативтік орган болады. Кеңес мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың өкілеттіктерін қайталамайды. Оның негізгі міндеті – қоғамдық пікірді мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне жеткізу, ішкі саясаттың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Жаңа институт «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады.

Қазақстан Халық кеңесінің құзыретіне:
– ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
– заңнамалық бастамалар көтеру;
– референдум өткізу туралы бастама жасау;
– қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру;
– қоғамдық бақылауға қатысу өкілеттіктері енгізіледі.

Кеңестің барлық шешімдері консультативтік және бастамашылық сипатта болады.

Заң жобасына сәйкес, Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер өкілдерінен құралған 42 мүше кіреді. Мүшелер төрт жыл мерзімге сайланады.

Кеңестің жоғары басқарушы органы – Сессия болады. Ол заң жобаларын енгізу мен референдум өткізу туралы бастама көтеру мәселелерін қарайды. Ал сессияаралық кезеңдегі жұмысты Төралқа үйлестіреді. Сондай-ақ тұрақты комитеттер, комиссиялар және жұмыс топтары құрылады.

Маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстан Халық кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін ұйымдастыру функциясының берілуі. Бұл халықаралық деңгейдегі конфессияаралық диалогты дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Қазақстан Халық кеңесі ұсынған ұсынымдарды міндетті түрде қарауы көзделген.

Құжат қабылданған жағдайда қолданыстағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылып, ел қоғамдық-мемлекеттік өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшеді.

Әділет министрінің айтуынша, Қазақстан Халық кеңесінің құрылуы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдық келісімді нығайтуға және халық пен билік арасындағы тиімді байланысты күшейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.