Жамбыл облысында өтіп жатқан ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің екі күндік халықаралық форумы аясында «Талбесік» этноорталығында аудандық Аналар кеңестерінің төрағаларының қатысуымен кеңес отырысы өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – Аналар кеңестерінің өңірлердегі жұмыс тәжірибелерін талқылау, отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық тәрбиені дәріптеу және қоғамдық келісімді сақтау мәселелерін қарастыру болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде отбасы институтының маңыздылығына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың рөліне ерекше тоқталды.
Отырыс барысында өңірлік Аналар кеңестерінің өкілдері отбасы тәрбиесін нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді дамытуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға және аналардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бастамаларымен және жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Еліміздің әр өңірінен келген спикерлер жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды сақтау, ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне баса назар аударды.