01info.kz- ақпараттық портал

ТАРАЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

0 263

Тараз қаласында «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбында Республикалық Аналар кеңесінің халықаралық форумы өтті.

Ауқымды іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық құрылымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстанның әр өңірінен келген Аналар кеңестерінің мүшелері, сондай-ақ Түркия мен Қырғыз Республикасынан халықаралық сарапшылар қатысты.

Форумның негізгі мақсаты қоғамдық келісімді нығайтудағы, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеудегі және жауапты азаматтық қоғам қалыптастырудағы ана мен отбасы институтының рөлін талқылау болды.

Форум жұмысына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «AMANAT» және «Ауыл» партияларының өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қауымдастығы қатысты.

Форумның алғашқы күні өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған Жамбыл облыстық дағдарыс орталығында қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Қатысушылар «Анаға тағзым» әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметімен танысып, өңірдің тарихи-мәдени нысандарын аралап, мәдени бағдарламаға қатысты.

Екінші күні «Талбесік» этноорталығында аудандық аналар кеңестері төрайымдарының қатысуымен Республикалық аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиында аналар кеңестерінің өңірлік тәжірибелері, отбасылық құндылықтарды нығайту, ұлттық тәрбие мен қоғамдық келісімді сақтау мәселелері талқыланды.

Форумның негізгі іс-шарасы «Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме залында өткен пленарлық отырыс болды. Талқылау барысында қатысушылар жастар тәрбиесі, қоғамдағы әйел рөлін нығайту, деструктивті идеологиялардың алдын алу, антивандалдық мәдениетті дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелерін қарастырды.

Аналар кеңестерінің бірлік пен өзара құрметті, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін маңызды қоғамдық институт ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысында Республикалық аналар кеңесінің «Ел Анасы» және «Аялы алақан» қоғамдық марапаттарын табыстау рәсімі өтіп, белсенді қоғам қайраткерлеріне алғыс хаттар берілді.

Форумның өтуі отбасы институтын нығайту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында сындарлы диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен тәсілдерді қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.