01info.kz- ақпараттық портал

Астанада «Kazakh Tazy» халықаралық көрмесі өтті

@EcologyofQazaqstan
0 79

Елорда төрінде «Астана Виннер 2026» халықаралық кинологиялық көрмесі аясында қазақтың бірегей ит тұқымына арналған «Kazakh Tazy» монопородалық байқауы ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Халықаралық кинология федерациясының (FCI) өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік білікті кинолог-мамандар қатысты.

Министр өз сөзінде FCI тарапынан қазақ тазысының алдын ала мойындалуы ұлттық кинология тарихындағы стратегиялық маңызды белес екенін қадап айтты. Ол халықаралық сарапшыларға қазақы тұқымды әлемдік деңгейде танытуға көрсеткен қолдаулары үшін шынайы алғысын білдірді. CACIB деңгейінде өткен бұл көрме асыл тұқымдық жұмыстарды жүйелеуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кинология әлеміндегі айтулы оқиғаға айналды.

Қазақ тазысы — тек ит тұқымы ғана емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы әрі «Жеті қазынаның» ажырамас бөлігі. Бүгінде бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарында. Президент тапсырмасы аясында елімізде заңнамалық база жетілдіріліп, Қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, тазы тұқымын сақтау мен дамытудың ұзақ мерзімді кешенді жоспары жүзеге асырылуда.

Мұндай халықаралық деңгейдегі көрмелер тазының генофондын сақтауға, ұлттық брендімізді жаһандық деңгейде дәріптеуге және кәсіби кинологиялық мәдениетті арттыруға зор мүмкіндік береді. Кеш соңында халықаралық талаптарға сай деп танылған үздік иттер мен олардың иелері арнайы марапаттарға ие болды. Бұл шара қазақ тазысының әлемдік кинология картасындағы орнын тағы бір мәрте бекемдей түсті.

дереккөз: https://t.me/EcologyofQazaqstan

Leave A Reply

Your email address will not be published.