Қазақстанда шілде айында 20 өңірді қамтыған мониторинг қорытындысы бойынша 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді. Тексерілген барлық дәрілердің жартысына жуығының (1 267 препарат) құны өзгеріссіз қалса, қалған бөлігі әртүрлі пайыздық мөлшерде арзандаған. Атап айтқанда, 147 препараттың бағасы 20%-дан астам, 198 препарат 10–20%-ға, ал 244 атау 5–10%-ға түскен. Бағасы арзандаған дәрілер қатарында инфекциялық, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек ауруларын емдеуде қолданылатын танымал препараттар бар.
Дәрілердің қозғалысы мен бағасы таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде қадағаланады. Тұтынушыларға қосымша тексеру үшін Naqty Onim мобильді қосымшасы қолжетімді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі бағаны реттеу тәсілдерін қайта қарап, басымдықты әлеуметтік маңызы бар препараттарға берді. Нәтижесінде 3 039 рецепт бойынша берілетін дәрі бақылауда қалса, 4 918 препарат мемлекеттік баға реттеуінен шығарылды. Жалпы бақылау шаралары барысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында шекті бағаны асырудың 6 дерегі анықталып, 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Дереккөз: ДСМ баспасөз қызметі