Қасиетті Ұлытау өңірінде еліміз үшін маңызы зор, ауқымды шара жалауын желбіретті. Осы жылдың 25-26 маусым күндері Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданында «Ананың рөлі: салауаттылық пен ұрпақ қамы» атты Аналар кеңесінің республикалық форумы өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Ұлытау облысы әкімдігінің және облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен бұл алқалы жиын қоғамның ең өзекті мәселелерін арқау етті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған Аналар кеңесінің мүшелері, мемлекеттік орган өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен білікті психологтар қатысып, ұлт саулығы мен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде келелі ой қозғады.
Форумның шымылдығы Жезқазған қаласындағы ресми пленарлық мәжіліспен ашылды. Жиынның модераторы – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи қоғамдағы аналар институтының рөлін күшейту мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңызына тоқталды. Алқалы жиында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев сөз алып, аймақтағы әлеуметтік бастамалардың мәнін атап өтті.
Бірінші күннің күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы қауіпті мінез-құлықтың, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар мен жоспардан тыс ерте жүктіліктің алдын алу, репродуктивті денсаулық мәдениеті, отбасындағы жыныстық тәрбие сияқты күрделі де ашық талқылауды қажет ететін тақырыптар көтерілді. Бұл бағытта ҚР Білім министрлігінің өкілдері, «Право» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль және ЮНФПА халықаралық сарапшысы Мира Сауранбаева салмақты баяндама жасады. Сарапшылар ата-аналардың жасөспірімдермен ашық сөйлесуі және өмірлік дағдыларға негізделген жан-жақты білім берудің қажеттілігін алға тартты. Теориялық бөлім белгілі психолог-психотерапевт Серікгүл Салидің «Ерте жүктіліктің алдын алудағы жыныстық сауаттылық» тақырыбындағы арнайы тренингімен ұласып, қатысушылардың тәжірибелік білімін шыңдай түсті.
Басқосудың екінші күні Ұлытау ауданындағы «Сапар» орталығында «Ұрпақты болу мәдениеті – ұлт денсаулығының негізі» атты республикалық семинармен жалғасты. Семинар жұмысын Нәзипа Ыдырысқызы Шанаи ашып, өңірлер арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын жеткізді. Орталық аумағында облыстық Аналар кеңесінің тыныс-тіршілігін танытатын көрме, шеберлік сағаттары мен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Тәжірибе алмасу алаңында Шымкент қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева мен Түркістан облысы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ақбаян Жақыпова сөз алып, ерте жүктіліктің алдын алу – болашаққа жасалған жауапты қадам екенін және отбасын қолдау мен жасөспірімдер арасындағы келеңсіздіктердің алдын алудағы аналардың рөлін ортаға салды. Медицина мен педагогика саласының мамандары жүктілік кезеңіндегі қауіп факторлары мен ерекше балаларға көрсетілетін аналық қолдаудың маңызын, сондай-ақ жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру жолдарын ғылыми және практикалық тұрғыда негіздеп берді.
Форумның мәдени-танымдық бағдарламасы да қатысушыларға ерекше рухани серпіліс сыйлады. Қонақтар Ұлытаудың киелі жерлеріне тағзым етіп, тарихи Жошы хан кесенесіне зиярат жасады. Сондай-ақ, Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінің жәдігерлерімен танысып, ұлт тарихының терең тамырынан сусындады. Екі күнге созылған ауқымды шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындады және естелік суретке түсті. Ұлытау төрінде қабылданған маңызды ұсыныстар мен шешімдер, әсіресе қыз балалардың тәрбиесі мен ұрпақ саулығына қатысты бағыттар алдағы уақытта еліміздегі әрбір шаңырақтың берекесі мен өскелең ұрпақтың салауатты болашағына қызмет етері сөзсіз.