Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қазақ халқының бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын дәстүрлі «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі өз жалауын желбіретті. Осыған дейін он бір жыл бойы тек Ұлытау ауданының аумағында ұйымдастырылып, өңірдің шынайы брендіне айналған бұл игі шара биыл алғаш рет Жаңаарқа жерінде жалғасын тауып отыр. Ауқымды мәдени жобаның аясы кеңейіп, биылғы басқосуға алыс-жақын шетелдерден де қонақтар арнайы ат басын бұрған. Мерекелік алаңда бір мезетте 35 киіз үй асқан үйлесіммен тігіліп, ұлттық рухты сезінуге асыққан 15 мыңға жуық көрермен жиналды. Осынау дүбірлі тойға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, фестиваль алаңындағы негізгі көрмелер мен этноаймақтарды аралады және жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, бұл жобаның аймақ туризмі мен мәдени келбетін арттырудағы мәртебесіне тоқталып өтті.
Фестиваль заманауи және ұлттық нақышты ұштастырған креативті аймақпен танысудан басталды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін мерекенің ең әсерлі әрі бірегей сәттерінің бірі – бір мезетте 500 биенің сауылу үдерісі көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін айшықтаған бұл ерекше көрініс жиналған қауымның үлкен таңданысы мен ықыласын тудырды. Одан әрі қазақ халқының көне әрі маңызды «Қымызмұрындық» дәстүрі сахналанып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берген соң, қонақтарға жаңа сауылған бапты қымыз ұсынылды. Өңір басшысы еліміздің әр қиырынан келген этноауылдарды аралап, киіз үйлер көрмесімен танысу барысында ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің бірегей туындыларына жоғары бағасын берді.
Мәдени шараның көрігін ұлттық спорт түрлерінен өткен тартысты жарыстар қыздыра түсті. Фестивальге келген меймандар көкпар, аударыспақ, қазақ күресі секілді білек пен айла сынасатын ойындарды, сондай-ақ дәстүрлі садақ ату, асық ату, жілік сындыру, қошқар көтеру және арқан тартыс сияқты халықтық сайыстарды тамашалап, нағыз батырлар мен мергендердің өнеріне куә болды. Күннің екінші жартысында осы спорттық додалардың жеңімпаздары мен құрақ көрпе тігуден шеберлігін дәлелдеген үздік аналар арнайы марапатталды. Ұлттық бірегейлікті нығайтатын тағылымы мол бұл кешенді жоба кешкі уақытта қазақстандық эстрада жұлдыздары Ұшқын Жамалбек, Өзгеріс Жерікбай және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP ұжымының қатысуымен өткен зор гала-концертпен өз мәресіне жетті.
Дереккөз: Ұлытау әкімдігі баспасөз қызметі