2026 жылғы 21 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы мәдениетті ұлттық болмыстың арқауы ретінде бағалап, елде жүріп жатқан кешенді реформалар мен Ата заңның рөліне тоқталды. Бүгінде мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Осы ретте соңғы бес жылда сала мамандарының жалақысы екі есе өссе, биылдан бастап мемлекеттік стипендия көлемі де екі есеге ұлғаймақ. Сондай-ақ Президент М. Горький атындағы орыс драма театры мен Е. Рахмадиев атындағы филармонияға «Ұлттық», ал С. Мұқанов атындағы театрға «Академиялық» мәртебе беруді ұсынды. Дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында жаңадан «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалатын болды.
Президент заманауи мәдени дипломатия мен халықаралық ықпалдастық мәселелерін де қозғады. Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше болғанына 34 жыл толуына орай, елдің материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары жалғаса береді. Сонымен қатар алдағы маусым айында өтетін ІІІ Архившілер конгресінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі тарихи мұраларды сақтау мәселесі талқыланбақ. Жастарды жаһандық бәсекеге даярлау мақсатында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру, кітап оқу мәдениетін арттыруға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын бекіту және Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу жоспарланған.
Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту үшін вандализм мен мәдениетсіздікке, атап айтқанда, Маңғыстаудағы Ыбықты сай шатқалында орын алған келеңсіздіктерге тұтас қоғам болып қатаң тосқауыл қою қажеттігін шегелеп айтты. Оның орнына заң мен тәртіпті құрметтеу, табиғатты аялау және жасампаз патриотизм қағидаттары орнығуы тиіс.
Салтанатты жиын барысында мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар ааматтар мемлекеттік марапатқа ие болды. Атап айтқанда, белгілі әнші Т. Бурмистрова жоғары дәрежелі «Отан» орденімен, халық әртісі М. Жүнісова ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, актриса М. Ганцева ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Дереккө: Ақорда