Астана қаласында Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрі Алдаржавхлан Жуков кездесті. Тараптар екіжақты серіктестіктің әлеуетін жоғары бағалап, ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілету мәселелерін талқылады. Қазақстан тарапы Моңғолия аумағында ұлттық ат спортынан халықаралық жарыстар ұйымдастыруды және Астанадағы жаңа Ұлттық спорт университеті базасында тәжірибе алмасуды ұсынды. Бұл оқу орны спорт ғылымы мен медицинаны цифрлық технологиялармен ұштастыратын заманауи орталыққа айналмақ.
Кездесу барысында туризм саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. 2023-2025 жылдар аралығында Моңғолиядан Қазақстанға келушілер саны тұрақты өсіп, жылына 40 мың адамнан асқан. Ербол Мырзабосынов туристік өнімдерді өзара насихаттау және Халықаралық туризм және меймандостық университеті негізінде кадр даярлау қажеттігін атап өтті.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың мемлекеттік сапары аясында қол қойылған 2026-2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспары осы байланыстарды жаңа сапалық деңгейге көтермек. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ортақ жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің меймандостық индустриясын дамытуға дайын екендіктерін растады.
дереккөз: https://t.me/sport_comiteti