2026 жылдың 22 сәуірінде Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында аяқталған 60-шы халықаралық Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар айтарлықтай жеңіске қол жеткізді.
Химия саласындағы әлемдегі ең беделді зияткерлік сайыстардың бірі саналатын International Mendeleev Chemistry Olympiad додасына биыл 37 елден 200-ге жуық үміткер қатысты. Қазақстан құрамасы бұл сында 1 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль иеленіп, жоғары дайындық деңгейін паш етті.
Олимпиаданың алтын медалін Қызылорда облыстық Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арен Теңізбаев иеленді. Күміс жүлделерге Ансар Жақсылықов пен Меңдіғали Қалдыбай (Астана қаласы, Spectrum International School), Айзере Жеңісханова (Өскемен қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі) және Нұрсейт Сейітқазиев (Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты) лайық деп танылды.
Қола медальдарды Данил Полетаев (Алматы қаласы, №134 лицей), Әбілмансұр Қали (Астана-Нұра физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі), Алидар Айтжанов (Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі), Абдижан Ибраимов (Астана қаласы, NURORDA мектеп-лицейі) және Мансур Махмутов (Алматы қаласы, «Мирас» халықаралық мектебі) иеленді. Жас таланттарды бұл белеске PhD, Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Бақытжан Елдана мен «Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты» мекемесінің студенті Сәрсенбай Айдос дайындап шығарды.
Бұл жетістік өткен жылғы нәтижеден де асып түсіп, отандық химия мектебінің халықаралық аренадағы биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.
дереккөз: https://t.me/oqu_agartu