01info.kz- ақпараттық портал

Қазақ тілі халықаралық олимпиаданың жұмыс тілі ретінде бекітілді

фото: https://t.me/oqu_agartu
0 66

2026 жылдың 21 сәуірі отандық білім беру саласы мен ұлттық лингвистика тарихында айтулы белес ретінде тіркелді. Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік жарыстың ресми жұмыс тілі мәртебесіне ие болып, мемлекеттік тіліміздің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының жаңа деңгейін көрсетті.

Олимпиада барысында барлық тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланып, ана тіліміздің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді.

Биылғы APLO-2026 додасы Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиланд секілді елдерден келген 300-ге жуық дарынды оқушыны біріктірген беделді алаңға айналды. Қазақстан құрамасы бұл сында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленсе, тағы 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды. Жеке есепте Азия елдерінің үздік қатысушылары арасында 9-орынға табан тіреген Шыңғыс Қарасаев (Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы) алтын медальді жеңіп алып, командалық есепте еліміздің 8-орынға тұрақтауына зор үлес қосты.

Күміс жүлде Астана қаласының Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбековке бұйырса, Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев қола медаль иегері атанды.

Бұл тарихи жетістік қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі мерейін асқақтатып қана қоймай, отандық зияткер жастардың әлемдік бәсекедегі биік орнын тағы бір мәрте айқындап берді.

дереккөз: https://t.me/oqu_agartu

Leave A Reply

Your email address will not be published.