Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында қазақтың біртуар композиторы, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күніне орай «Атадан мұра» атты салтанатты еске алу кеші өтті. Мәдени шара аясында Дінзухра Тілендиеваның жетекшілігімен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетіп, кештің шырайын келтірді.
Концерт бағдарламасында автордың шоқтығы биік «Ата толғауы», «Әлқисса», «Махамбет» күйлерімен қатар, халықтың жүрегінен орын алған «Құстар әні», «Сарыжайлау» сынды туындылары Рамазан Стамғазы, Светлана Айтбаева және Фархат Кубиев бастаған танымал әншілердің орындауында шырқалды.
Кештің ең әсерлі сәті композитордың немересі Даяна Тілендиеваның Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариғаға арнаған «Куә бол» әнін орындауы болса, опера саңлақтары Әйгерім Шәріпбек пен Жұлдыз Байжұманың кәсіби шеберлігі шараның көркемдік деңгейін биіктете түсті. Төл өнерді ұлықтаған бұл кеш қазақ музыкасының аңыз тұлғасына деген зор құрмет пен тағзымның жарқын көрінісіне айналды.