01info.kz- ақпараттық портал

Дипломаттар асық атып, арқан тартысты

фото: https://t.me/madenietaqparat
0 119

Елордада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері мен халықаралық ұйым жетекшілеріне арналған дәстүрлі «Наурыз балы» өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл шара Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналды.

Мерекелік кештің басты мақсаты — Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын таныту және халықаралық гуманитарлық байланыстарды нығайту. Дипломаттар арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкені тамашалап, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық ойындарға қатысу арқылы қазақ мәдениетімен жақынырақ танысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биылғы Наурыздың ел тарихындағы айрықша маңызына тоқталды. Ол республикалық референдум арқылы қабылданған жаңа Ата заңның ел дамуының жаңа бағытын айқындағанын атап өтті:

«Биылғы Наурыз еліміз үшін маңызды тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Халқымыз әділетті, инновацияға негізделген болашақ үшін дауыс берді. Бұл жаңару мен жаңғыруды білдіретін Наурыз мейрамының символдық мәнімен үндесіп жатыр», — деді А.Балаева.

Министр сонымен қатар, жаңа Конституцияда ұлттық бірегейлікті сақтау мен мәдени мұраны ұлықтау мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты ретінде бекітілгенін жеткізді. Ол Қазақстандағы достық пен татулықтың алтын көпіріне айналған дипломаттарға қазақ мәдениетін халықаралық аренада насихаттағаны үшін алғыс білдірді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев өз кезегінде Наурыз мерекесінің мәдени дипломатиядағы рөлін жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл мейрам халықтарды жақындастырып, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен жасампаз ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналған.

Салтанатты кеш Қазақстанның ашықтығы мен қонақжайлылығын паш етіп, халықаралық қауымдастық алдында елдің жаңа белеске нық қадам басқанын көрсетті.

https://t.me/madenietaqparat

Leave A Reply

Your email address will not be published.