01info.kz- ақпараттық портал

Тараз зауытындағы жасанды интеллект бақылауы

фото: https://t.me/minpromstroykz
0 65

Жамбыл облысы

Тараз қаласындағы минералды тыңайтқыштар шығаратын «Қазфосфат» зауытында өндірістік қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеру мақсатында жасанды интеллект технологиясына негізделген AI Safety Control пилоттық жобасы іске қосылды. Өнеркәсіпке цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі Жол картасы аясында қолға алынған бұл бастама кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін автоматты түрде қадағалауға мүмкіндік береді.

ТМД мен Еуропа нарығындағы фосфор тыңайтқыштарын өндіретін ірі алпауыттардың бірі саналатын «Қазфосфат» компаниясында бүгінде 3 мыңнан астам маман еңбек етеді. Кәсіпорынның өндірістік әлеуеті жыл санап артып келеді: мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша зауыт соңғы 32 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 1,4 млн тонна фосфорит ұнын өндірді. Осындай ауқымды жұмыс көлемі жағдайында қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдыққа айналып отыр.

Жаңадан енгізілген интеллектуалды бейнебақылау жүйесі зауыттағы бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдау арқылы техника қауіпсіздігі талаптарының сақталуын жіті қадағалайды. AI Safety Control бағдарламасы қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарын киюін, тыйым салынған аймақтарға кірмеуін және қауіпті аумақтарда болу ережелерін бұзбауын автоматты түрде анықтайды. Бұл жүйе кәсіпорындағы қолданыстағы бейнебақылау инфрақұрылымымен толық интеграцияланып, виртуалды қауіпсіздік шекараларын бақылау және заңсыздықтарды тіркеу сценарийлері бойынша жұмыс істеуде.

Компания басшылығының айтуынша, бұл пилоттық жобаның сәтті жүзеге асырылуы алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын өндірістің басқа да маңызды учаскелеріне кеңінен енгізуге жол ашпақ. Осылайша, «Қазфосфат» өндірісті цифрландыру арқылы жазатайым оқиғалардың алдын алып, еңбек мәдениетін жаңа сапалық сатыға көтеруді көздеп отыр.

дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1181888?lang=kk

Leave A Reply

Your email address will not be published.