01info.kz- ақпараттық портал

Үй салу енді оңай: Барлық рұқсат қағаздары онлайн

фото: ашық дереккөз
0 33

Қазақстанның құрылыс секторы толықтай цифрлық дәуірге қадам басты. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, саладағы барлық 54 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары аяқталды. Бұл дегеніміз — енді құрылысқа қатысты құжаттарды ресімдеу азаматтар мен бизнес өкілдері үшін 100% қашықтан қолжетімді болды.

Цифрландыру процесінің жемісін бүгінгі статистикадан анық көруге болады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электрондық түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 96 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш сектордың цифрлық тұрғыдан толық пісіп-жетілгенін дәлелдейді. Әсіресе, мекенжай беру, жобалауға рұқсат алу, эскиздерді келісу және нысандарды пайдалануға беру сияқты ең көп сұранысқа ие процедуралар қазір бірнеше батырманы басу арқылы жүзеге асырылады.

Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атап өткендей, барлық қызметтің онлайн-форматқа көшуі — тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта салаға кешенді мониторинг жүргізу үшін электрондық келісімшарттар, құжаттарды автоматты түрде тексеру жүйесі және цифрлық актілер енгізілмек. Бұдан бөлек, құрылыс сапасын бақылауда API және BIM-технологиялар (ғимараттарды ақпараттық модельдеу) кеңінен қолданыла бастайды.

Бұл инновациялардың басты мақсаты — құрылыс саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету және бюрократияны жою. Министрдің болжамынша, аталған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі айтарлықтай қысқарып, саланың жалпы тиімділігі 46 пайызға дейін артады. Осылайша, цифрлық технологиялар құрылыс саласын бизнес үшін тартымды, ал халық үшін түсінікті әрі ашық ете түспек.

дереккөз: ortcom.kz сайты

Leave A Reply

Your email address will not be published.