Қазақстан Үкіметі Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын қолдау және кешенді зерттеу жұмыстары үшін «Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ға 1,1 миллиард теңге бөлді. Қаражат теңізде мониторинг жүргізуге арналған негізгі жабдықтарды сатып алуға және гидробиологиялық, гидрохимиялық зертханаларды жаңартуға бағытталады. Бұл шаралар Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі экологиялық процестер туралы ғылыми негізделген ақпарат жинауға мүмкіндік береді.
Қаражат бөлінуі институттың ғылыми әлеуетін арттыруға және оның халықаралық ғылыми қоғамдастықпен интеграциясын нығайтуға ықпал етеді. ҒЗИ Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қауымдастығына мүше болып, шетелдік сарапшылармен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Қаржы министрлігі бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуға, ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі қажетті шараларды жүзеге асыруға жауапты.