«ҚТЖ – KTZ Express» компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) пайдалана отырып, қазақстандық ұсақталған күрішті Бельгия Корольдігінің Антверпен портына жеткізудің пилоттық жобасын сәтті жүзеге асырды.
Бұл экспорттық тасымал Каспий мен Қара теңіз су айдындарын қамтитын, теміржол және теңіз желілерін дәйекті пайдалануға негізделген мультимодальды форматта ұйымдастырылды. Жаңа логистикалық бағыт «Қызылорда – Ақтау порты – Поти порты – Антверпен порты» траекториясы бойынша құрылып, Поти мен Антверпен арасындағы теңіз учаскесінде тасымалдау жұмыстары CMA CGM Group халықаралық жүк тасымалдау тобының қатысуымен атқарылды.
Бұған дейін аталған өнім негізінен Семиглавый Мар өткелі арқылы құрлық жолымен, одан әрі Брест, Дуйсбург және Антверпен арқылы тасымалданып келген болатын. ТХКБ инфрақұрылымын іске қосу логистикалық шығындарды айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік берді, өйткені жаңа маршрут бойынша тасымалдау құны дәстүрлі Солтүстік дәлізбен салыстырғанда төмен болып шықты. Транзиттің болжамды ұзақтығы шамамен 30 тәулікті құрайтын бұл жоба отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропа нарығына жеткізудің ең тиімді әрі бәсекеге қабілетті балама жолына айналмақ.
Дереккөз: ҚТЖ баспасөз қызметі