Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында «Ақнар» құс фабрикасы жаңа заманауи құс фермасын пайдалануға берді. Жасанды интеллект элементтері енгізілген «ақылды» климат-бақылау жүйесі микроклиматты автоматты түрде реттеп, өнім сапасын жақсартып, энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Фабрика бройлер бағытында жұмыс істейді, бір тәуліктік балапандар Венгриядан жеткізіледі. Қазіргі таңда кәсіпорын 20-дан астам құс еті өнімін шығарады. Соңғы екі жылда ауқымды жаңғырту жүргізіліп, жаңа нысан – фабрикадағы 29-шы өндірістік цех. Биыл Үштөбе аумағында тағы алты жаңа құс қорасы салынбақ.
«Ақнар ПФ» директоры Виктор Колчевтің айтуынша, жаңа қора жылына 300 тонна қосымша ет өндіруге мүмкіндік береді. Биыл өнім көлемі 10 600 тоннаға жетеді, келесі жылы 12 мың тоннаға ұлғаймақ. 2027–2029 жылдары өндіріс көлемі 17 мың тоннаға дейін артып, Қарағанды облысы отандық құс етімен толық қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта фабрикада 400 адам еңбек етеді, өндіріс кеңейген сайын жаңа жұмыс орындары ашылады. Жаңа цехты жас маман Людмила Туржанова басқарады. Автоматтандырылған жүйелерді пайдалану арқылы барлық көрсеткіштер нақты уақыт режимінде бақыланып отырады.
Сала мемлекеттік қолдау арқасында дамуда: жеңілдетілген несиелер мен субсидиялау механизмдері кәсіпорындарға цифрлық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ішкі нарықтағы позицияны күшейтеді.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1148354?lang=kk