Шымкентте полиция интернет-алаяқтыққа қарсы күресті жалғастыруда. Қалалық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтыққа қатысы бар ер адамды ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, Қызылорда облысының тұрғыны «жеңіл табыс» табуды мақсат етіп, дропперлік схема ұйымдастырушы ретінде әрекет еткен. Ол таныстарының банк карталарын жинап, оларды мессенджерлер арқылы үшінші тұлғаларға өткізген. Кейіннен осы карталар алаяқтық схемаларда пайдаланылған.
Осылайша, белгісіз тұлғадан түскен қоңырауға сеніп, 32 миллион теңгеден айырылған жергілікті тұрғын полицияға арызданды. Жедел-іздестіру шаралары барысында киберполицейлер күдіктіні анықтап, ұстап, тергеу кезінде оның ұқсас алаяқтық әрекеттеріне қатысы бар екені белгілі болды. Екінші жәбірленуші 6 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Жалпы алғанда, осы алаяқтық схемасының арқасында келтірілген шығын 40 миллион теңгеден асады.
Полиция тұрғындарға белгісіз тұлғалардың ұсыныстары бойынша ақша аудармауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Интернет-алаяқтардан сақ болыңыздар!
Дереккөз: ІІМ баспасөз қызметі