Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» АҚ еліміздің автожолдарындағы «ақ дақтарды» жою мақсатында телекоммуникациялық инфрақұрылым салу туралы келісімге қол қойды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылатын бұл бастама мемлекеттік қаржыландырусыз, компанияның өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Жоспар бойынша, республикалық жолдардағы байланыс мәселесі 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдарда 2027 жылдың соңына дейін толық шешілмек.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 40 мың шақырымнан астам жол бойында 500-ден астам антенна-мачталық құрылыс пен базалық станциялар орнатылады. Бұл инфрақұрылым жүргізушілер мен жолаушылардың навигация, банк сервистері мен шұғыл қоңырауларды кедергісіз пайдалануына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Транстелеком» салған желіні басқа ұялы байланыс операторлары да пайдалана алады, бұл қызмет сапасын жедел жақсартуға ықпал етеді.
Тұрақты байланыс орнату жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, көлік ағынын интеллектуалды басқару және жол жағдайын мониторингтеу сияқты заманауи технологияларды енгізуге жағдай жасайды.