Қонаев қаласының 2026 жылға арналған даму жоспары нақтыланып, инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар айқындалды. Қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі хабарлағандай, биылғы басымдықтар қала мен ауылдық округтердің теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге негізделген.
Кешенді жоспар аясында «Арна» қосалқы станциясының құрылысы жалғасып, М.Әуезов көшесі төрт жолақты болып кеңейтіледі. Сонымен қатар, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында ауыз су жүйелері жаңартылса, Шеңгелді ауылында көшелер жарықтандырылып, жолдар жөндеуден өтпек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жол-көлік саласында 35-тен астам жоба мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Қаланың қауіпсіздігі мен туристік әлеуетін арттыру мақсатында 10-шағынауданда полиция пункті салынып, атақты «Көшпенділер қалашығын» қайта жаңғыртуға құжаттар әзірленеді. Демалыс орындарын абаттандыру аясында №6 және №7 жағажайлар жаңа кейіпке еніп, жасыл желектерді автоматты түрде суару жүйесі енгізіледі. Бұған қоса, бес шағынауданды газдандыру жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде. Көлік инфрақұрылымындағы маңызды жаңалықтың бірі – Іле өзені арқылы «Таңбалы тас» пен «Көшпенділер қалашығын» байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірінің жобасы қолға алынбақ.
Әлеуметтік салада «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер қарастырылған. Жолаушылар тасымалын субсидиялауға және осал топтағы азаматтардың жол ақысын өтеуге жалпы сомасы 440 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Осылайша, 2026 жылға арналған міндеттер қаланың ұзақмерзімді өркендеуіне және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді қадам болмақ.