Мамыр айында Қазақстанда тұрғын үйге деген сұраныс айтарлықтай төмендеп, сатып алу-сату шарттарының саны бір айда 13,5%-ға, ал жылдық көрсеткіште 10,49%-ға азайды. Егер сәуірде 35 154 мәміле тіркелсе, мамырда бұл көрсеткіш 30 420-ға дейін құлдыраған. Сұраныстың азаюымен қатар баға нарығында да өзгерістер байқалды: екінші нарықтағы (қолданыстағы) үйлер орта есеппен 0,6%-ға арзандаса, жаңа салынған баспаналардың бағасы, керісінше, 0,2%-ға сәл өскен.
Қазақстандықтардың таңдауына келетін болсақ, тұрғындар негізінен пәтер сатып алуды жөн көрген. Барлық жасалған мәміленің 76,9%-ы, яғни 23 381-і пәтерлерге тиесілі болса, жеке үйлер бойынша 7 039 шарт қана ресімделді. Оның ішінде нарықта екі бөлмелі пәтерлер ең жоғары сұранысқа ие болып, олар бойынша 8 681 мәміле тіркелген.
Өңірлік тұрғыда баспана саудасы бойынша Астана қаласы көш бастап тұр, мұнда бір айда 5 122 шарт жасалды. Екінші орындағы Алматы қаласында 4 925 мәміле тіркелгенімен, бұл көрсеткіш сәуір айымен салыстырғанда бірден 24,2%-ға төмендеген. Үздік үштікті 2 630 мәмілемен Қарағанды облысы түйіндесе, ең аз белсенділік Ұлытау облысында байқалып, бар болғаны 261 шарт қана жасалған.
Дереккөздер: Ұлттық статистика бюросы мен KAZ.NUR.KZ материалы.