Астанада Есіл өзенінде мұз астына түсіп кеткен ер адамды құтқарған қала тұрғыны Азамат Айткен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды 01info.kz.
Оқиға 10 желтоқсан күні Марал көпірінің маңында болған. Серуендеп жүрген Азамат Омарұлы көмек сұраған дауысты естіп, мұздай суға батып бара жатқан адамға дереу көмекке ұмтылған. Оның жедел әрі батыл әрекетінің арқасында 1963 жылы туған азамат аман қалды.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен тағайындалған марапатты Астана қаласы ТЖД бастығы Марат Күлдіков салтанатты түрде табыс етіп, батырға алғыс білдірді.