Интернет кеңістігіндегі жалған дипломдар туралы ақпараттың таралуына байланысты, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды, деп хабарлайды 01info.kz министрліктің сайтына сілтеме жасап.
Министрлік білім беру құжаттарының өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды бекітті. Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру арқылы қалыптастырылады.
«Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде ғана дипломдар генерацияланады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.
Генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда, өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттар жарамсыз деп танылады.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау мен сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отырады.
Ескерту: ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Бүгінде 46 жалған диплом және оларды дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталған.
Жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы электрондық үкіметтің мобильді қосымшасында да қолжетімді.