01info.kz- ақпараттық портал

Фриланс: жаңа еңбек дәуірі

0 33

Осыдан он жыл бұрын үйде жатып жұмыс істеп ақша табатындар болады десе, ешкім сенбес еді. Алдыңғы буын таңертең ерте тұрып жұмысқа барып, кешке қайтып келмесе қоғамнан қалып кеткендей күй кешетін, тіпті ұялатын. Ал қазір, басқаша. Бүгінгі еңбек нарығы жаңа кезеңге өтті. Цифрландыру мен интернеттің қолжетімділігі фриланс деп аталатын икемді еңбек формасын алға шығарды.

Әлемдік үрдіс:

2025 жылы әлем бойынша шамамен 1,57 миллиард адам, яғни еңбек етушілердің 46,7 пайызы фриланс форматында жұмыс істейді. Upwork дерегінше, мамандардың 28 пайызы кем дегенде бір рет фриланс жобамен айналысқан. Ал АҚШ-та 2023 жылы жұмыс істейтіндердің 38 пайызы гиг-экономикаға қатысқан. Фриланс платформаларының жаһандық нарығы 2030 жылға қарай 14,3 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде.

Қазақстандағы жағдай:

Ұлттық статистика бюросы деректері бойынша, 2025 жылдың басында елімізде 9,28 миллион адам жұмыспен қамтылған. Оның 76,9 пайызы — жалдамалы қызметкерлер, 23,1 пайызы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе фрилансқа ұқсас еркін форматта еңбек етушілер.
Сарапшылардың бағалауынша, 1 миллионнан астам қазақстандық фриланс арқылы табыс табады. Олардың 21,8 пайызы үшін бұл — негізгі, қалғандары үшін қосымша табыс көзі. Соңғы жылдары фрилансқа қызығушылық 142 пайызға өскен.
Артықшылық пен тәуекел:
Фриланс еркіндік пен уақытты өз қалауыңша басқаруға мүмкіндік береді. Алайда тапсырыстың тұрақсыздығы мен әлеуметтік кепілдіктердің болмауы — басты кемшілік. Дәстүрлі жұмыс болса, тұрақты табыс пен әлеуметтік қорғаныс ұсынады, бірақ еркіндік шектеулі. Қазақстан жастары фрилансқа белсенді бет бұрып келеді. Әсіресе IT, дизайн, аударма және контент салаларында бұл формат сұранысқа ие. Фриланс олардың шығармашылық қабілетін дамытып, халықаралық нарыққа шығуға жол ашады.

Пікірлер қайшылығы:

-Фриланс маған еркіндік пен жауапкершілікті қатар үйретті. Кеңсе тәртібінсіз жұмыс істеу жеңіл сияқты көрінгенімен, бәрі өзіңе байланысты: уақытыңды дұрыс бөлмесең, тапсырыстан айырылуың мүмкін. Бірақ мен үшін бұл өмір салтына айналды. Аудармашы ретінде шетелдік тапсырыстар орындап, тәжірибе ғана емес, тілдік дағдымды да дамытып жүрмін, — Бекнұр Ерболатұлы, фриланс-аудармашы (Астана)

-Мен үшін тұрақтылық маңызды. Ай сайынғы жалақымды, демалысымды, әлеуметтік кепілдіктерімді нақты білемін. Отбасылы адам үшін сенімді табыс көзі – басты артықшылық. Кеңседе жұмыс істеу маған командамен бірге болуды, тәжірибе алмасуды және кәсіби өсу мүмкіндігін береді. Әріптестермен күнделікті байланыс мені дамытады. Мен үшін ұжымдық рух маңызды,- дейді Азамат Есаман, есепші (Алматы)

P.S. Фриланс пен дәстүрлі жұмыстың айырмашылығы — таңдау еркіндігінде. Бірі тұрақтылықты, бірі тәуелсіздікті ұсынады. Қай бағыт тиімді болатыны — әр адамның мақсаты мен өмірлік ұстанымына байланысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.