Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстардың бірінші жартыжылдықтағы нәтижелерін жариялады. Елдегі нашақорлықпен күрес жаңа деңгейге көтеріліп, Мемлекет басшысының қолдауымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылды, ал республикалық штабтың мәртебесі премьер-министр деңгейіне дейін жоғарылатылды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Қоғамды жұмылдыру мақсатында алғаш рет Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестер құрылды. Оның құрамына медиа өкілдері, танымал спортшылар, дін, мәдениет және қоғам қайраткерлері еніп, барлық өңірде белсенді қызмет атқаруда. Комитет заңнаманы жетілдіруден бастап озық цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі барлық бағытты қамтуда.
Биылғы жылдың алғашқы жартысында құқық қорғау органдары айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Жалпы саны 7 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 500 келіден астам синтетикалық заттар тәркіленді. Сонымен қатар 15 есірткі зертханасы жойылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, соның ішінде бір трансұлттық топтың қызметіне тосқауыл қойылды. Мамыр айында Украина аумағындағы ірі есірткі call-орталығының жұмысы тоқтатылып, қазақстандықтарды қылмыстық схемаларға тартқан 11 күдікті ұсталды.
Қылмыстың киберкеңістікке ауысқанын ескере отырып, ведомство цифрлық бақылауды күшейтті. «Кибернадзор» жүйесі арқылы 6 мың заңсыз сайт бұғатталса, «Антифрод-орталық» арқылы есірткі саудасын қаржыландырған 9 мыңға жуық банк картасы бұғатталып, 135 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа шектеу қойылды. Сондай-ақ қылмыстың алдын алу мақсатында «Таргетинг-орталығы» іске қосылды.
Қазақстан халықаралық деңгейде де есірткіге қарсы іс-қимылдың маңызды орталығына айналып келеді. Шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық кеңейіп, ақпарат алмасу жүйелі сипат алды. Прекурсорлар мен «дропперлік» қызметке қатысты заңнамалық жауапкершіліктің қатаюы да өз нәтижесін беруде. ІІМ өкілі Қуандық Әлжанов атап өткендей, ведомствоның басты басымдығы – еліміздің әрбір азаматының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Дереккөз: polisia.kz