Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен кезекті қуанышты жаңалық тарады: парктің өзге бір тұсына орнатылған фототұзақ кезекті рет қар барысын таспаға басып алды. Бұл оқиғаның ерекшелігі сол, камераға түскен жыртқыш жуырда ғана үш аланымен бірге жарияланған аналық барыс емес. Мамандардың сөзінше, бұл жаңа тіркеу парк аумағында қар барысының бірнеше дарасы тіршілік ететінін және аймақтағы жабайы табиғаттың тұрақты екенін дәлелдей түсті.
Қатал қыс кезіндегі боран мен көріну деңгейінің төмендігіне қарамастан, «тау иесі» фототұзақ объективіне ілігіп үлгерген. Парк қызметкерлері жариялаған суреттерде фототұзақтан алынған түпнұсқа кадрлармен қатар, жасанды интеллект көмегімен сапасы арттырылған нұсқалар да ұсынылды. Маңыздысы, суретті өңдеу барысында жануардың табиғи келбетіне ешқандай өзгеріс енгізілмеді, барлық әрекет тек кадрдың анықтығын жақсартып, көрерменге барысты айқын көрсету мақсатында жүргізілді.
Қар барысы сияқты сақ әрі жасырын тіршілік ететін жануарлардың камераға түсуі — Катонқарағай табиғатының жабайы аңдар үшін қолайлы мекен екенін және аймақтағы экологиялық жүйенің сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл жаңалық табиғат сүйер қауым үшін үлкен мақтаныш болып, еліміздің сирек кездесетін жыртқыштарын қорғау бағытындағы жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Дереккөз: @EcologyofQazaqstan