01info.kz- ақпараттық портал

Болашақ инженерлер Қытайда тәжірибеден өтеді: Су саласындағы ауқымды бастама

картинка ЖИ
0 23

Қазақстан мен Қытай арасындағы су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесіп, кадр даярлау мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесудің басты тақырыптарының бірі – су шаруашылығы саласына жоғары білікті мамандар даярлау болды. Тараптар биылғы қыркүйек айынан бастап маңызды жобаны қолға алмақ. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Солтүстік Қытай су ресурстары және гидроэнергетика университеті серіктестікте бірлескен білім бағдарламасын іске қосады. Сонымен қатар, қазақстандық студенттердің қытайлық жоғары оқу орындарында тегін білім алуы үшін гранттар бөлу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжімен бірлескен оқу орталығын ашу мәселесі пысықталуда.

Қазақстандық мамандардың шетелде біліктілігін арттыру ісі де қарқынды жүріп жатыр. Биыл мамыр айында отандық су шаруашылығы мамандарының алғашқы легі Қытайға тәжірибе алмасу семинарына аттанған болатын. Онда қазақстандықтар су ресурстарын басқару жүйесін жоспарлау және нысандарды кешенді сауықтыру технологияларымен танысты. Аталған шаралар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытайдың тиісті ведомствосы, сондай-ақ «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited арасындағы меморандумдар аясында жүзеге асырылуда. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алды және жыл соңына дейін шамамен 200 қазақстандық маман көрші елде біліктілігін арттырады деп жоспарланған.

Министр Нұржан Нұржігітов пен елші Хань Чуньлин кадрлық мәселелерден бөлек, инфрақұрылымдық жобаларға қытайлық компанияларды тарту және трансшекаралық су ресурстарын бөлу мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.

«Қазақстан мен Қытайды берік стратегиялық әріптестік байланыстырады. Біз өзара ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және бүгінгі кездесу су ресурстарын тиімді басқару саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», — деді Нұржан Нұржігітов. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су ресурстарын басқарудың озық халықаралық тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік беретін маңызды қадам болып отыр.

Дереккөз: https://t.me/QR_Su_resurstari_ministrligi

Leave A Reply

Your email address will not be published.