Еуропа мен АҚШ-ты шарпыған рекордтық ыстық толқыны әлемдік деңгейде үлкен қауіп тудырып отыр. Португалияның теңіз және атмосфера институты (IPMA) аптаптың кемі бір аптаға созылатынын ескертіп, Лиссабон бастаған бірнеше ірі округте ең жоғары «қызыл» қауіп деңгейін жариялады. Ел аумағында күндіз ауа температурасы 35-40 °C-тан асып, Алентежу өңірінде 43 °C-қа дейін көтерілмек. Бұл аномалияның басты қауіптілігі — түнде де салқындықтың болмауында; ірі қалаларда түнгі температура бірнеше күн бойы 24–28 °C-тан төмен түспейді деп күтілуде.
Дәл осындай қауіпті жағдай АҚШ-та да қайталанып отыр. Ұлттық ауа райы қызметінің (NWS) мәліметінше, елдің шығысы мен Орталық Батысында аптап күшейіп, 4 шілде — Тәуелсіздік күніне жоспарланған мерекелік демалыстарға тұспа-тұс келді. Мұнда жоғары ылғалдылықтың салдарынан адам денесі сезінетін ыстық деңгейі (жылу индексі) 46 °C-қа дейін жетпек. Мамандар аптаптың ұзаққа созылуы мен түнгі уақытта ауаның салқындамауы бұл құбылысты ең өлімші табиғи апаттардың қатарына қосатынын айтады.
Маусым айының соңында Франция, Испания және Германияны басқан бұл ыстық толқыны денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсірді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Аданом Гебреисус тек маусымның соңғы аптасында Еуропада аптап ыстықтан 1300-ден астам адам қайтыс болғанын хабарлады. Ол еуропалық үйлер мен мектептердің мұндай ыстыққа мүлдем бейімделмегенін және жоғары температураның «тыныш өлтіруші» екенін алға тартты. Осы қауіптерді ескере отырып, ДДСҰ АҚШ-та өтетін 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатында футболшылар мен жанкүйерлерді күн өтуден қорғау үшін ФИФА-мен бірлесіп арнайы салқындату және ерте хабарлау жүйелерін әзірлеуді қолға алды.
Биылғы жаз мезгілінде Қазақстанның бірнеше өңірінде соңғы 80-85 жылда болмаған рекордтық аптап ыстық тіркелді. Мысалы, Астанада ауа температурасы +36,8°C-қа жетіп, 1941 жылғы көрсеткішті жаңартты. Ал Петропавлда (+35,0°C) және Қарағандыда (+33,7°C) соғыс жылдарынан бергі ең жоғары температуралық рекордтар тіркелді. Еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында сынап бағаны +45°C-тан асып жығылды.
Дереккөз: https://ru.euronews.com, «Қазгидромет» РМК