Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы гидрологиялық жағдай тұрақты күйде. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі байқалған жоқ. Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күшімен Ақсай өзенінің қорғаныс бөгеті маңындағы арнаны нығайту және тазарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл іс-шаралар өз нәтижесін беріп, өзендегі су деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне мүмкіндік туғызды.
Қауіпсіздік шараларын күшейту аясында бүгін мореналық көлдер мен өзен бассейндеріне аэровизуалды тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде ТЖМ қызметкерлерінің үздіксіз мониторингі жүріп жатыр. Жағдайды бақылауда ұстау үшін мониторингтік бекеттерге Алматы қаласы ТЖД, Құтқару қызметі, «Барыс» республикалық құтқару қызметі, ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесі және Полиция департаментінен 130-дан астам жеке құрам мен 20 бірлік техника жұмылдырылды. Тұтастай алғанда, қаладағы ахуал Төтенше жағдайлар министрлігінің қатаң бақылауында.