01info.kz- ақпараттық портал

Қытайдан Мәскеуге, солтүстіктен Қытайға: Теміржол тасымалындағы тың өзгеріс

фото: https://t.me/PR_KTZh
0 29

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «KTZ Express» Қытай, Қазақстан және Ресей бағыттарын байланыстыратын жаңа тұрақты айналмалы рейс сервисін іске қосты. Бұл жоба өңіраралық транзиттік тасымалды дамытуға және қазақстандық экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Жаңа логистикалық схема бойынша контейнерлік пойыздар Қытайдан Қазақстан арқылы Мәскеу торабына жүк жеткізеді. Жүк түсірілгеннен кейін контейнерлер сол күйі бос қайтпай, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне бағытталады. Мұнда олар қазақстандық астық өнімдерімен толтырылып, қайтадан Қытайға жөнелтіледі. Мұндай «айналмалы» жүйе контейнерлердің бос жүрісін барынша қысқартып, логистикалық шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Толық айналмалы рейс шамамен 20 тәулікті алады. Сервис өз тиімділігін көрсетіп үлгерді: ағымдағы жылдың сәуір-маусым айлары аралығында ғана 13 контейнерлік пойыз жөнелтіліп, 1600 ЖФЭ (жиырма фунттық эквивалент) көлеміндегі жүк тасымалданды. «KTZ Express» компаниясы жобаны кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз ете отырып, нарық сұранысына қарай тасымал көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бастама Қазақстанның Солтүстік дәліз арқылы өтетін транзиттік әлеуетін нығайтып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруға серпін береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.