Павлодар облысында Ұлттық домбыра күні аясында өткен ауқымды рухани-мәдени шарада 5 мыңға жуық оқушы көрнекті композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұлы сазгердің «Би» күйін бір мезетте нақышына келтіре орындап, ұлттық өнерге деген шексіз құрметін паш етті.
«Музыкалық колледж — дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені, М. Катаев атындағы оқушылар сарайы мен өңірдегі білім беру ұйымдарының жас өрендерін біріктірген бұл игі бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, төл мәдениетіміздің қадір-қасиетін асқақтата түсті.
Кешен директорының орынбасары Дәурен Қуанов домбыраның жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық рух ұялатудағы маңызын атап өтіп, Ахмет Жұбановтың бай мұрасын дәріптеудің жастарды патриотизмге тәрбиелеудегі орны ерекше екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде, 9-сынып оқушысы Қаршыға Думан домбыраны халықтың тарихы мен рухын жеткізуші қасиетті аспап ретінде мақтан тұтатынын жеткізіп, жастардың ұлттық өнерді дамытуға үлес қосуға дайын екендігін білдірді.
Бірнеше мың домбыраның үні бір жерден шығып, даланы тербеген бұл тарихи сәт қазақтың күй өнерін ұлықтап, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына серпін берген жарқын оқиғаға айналды.
Дереккөз: ҚР ОАМ