01info.kz- ақпараттық портал

О, театр, театр! Шымылдық артындағы сырлы әлем

фото С. Мырзалиева.
0 42

27 наурыз – Дүниежүзілік театр күні қарсаңында отандық өнер саласы айтарлықтай табыстармен қорытынды жасауда. Бүгінде Қазақстандағы театр өнері тек кәсіби мереке аясында ғана емес, елдің рухани дамуының басты көрсеткіші ретінде де маңызды орынға ие болды. Қазіргі таңда республика бойынша жұмыс істейтін 70-тен астам театрдың 57-сі мемлекеттік мәртебеге ие. Бұл инфрақұрылымның 11-і республикалық деңгейде, ал 46-сы өңірлік деңгейде қызмет көрсетіп, мәдениеттің қолжетімділігін арттырып отыр.

2025 жылғы статистикалық деректер театрлардың бұрын-соңды болмаған белсенділігін айқындайды. Өткен жылы мемлекеттік театр сахналарында 410 жаңа премьера жарық көріп, репертуарлық қор айтарлықтай байыды. Шығармашылық ұжымдар тек өз сахнасымен шектелмей, 539 гастрольдік сапар ұйымдастырды. Оның ішінде 44 сапар шетелдік көрерменге арналып, отандық өнердің халықаралық имиджін нығайтуға үлес қосты. Жалпы алғанда, жыл бойы сахналанған 16 мың қойылымды 2,8 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Бұл көрсеткіш халықтың театр өнеріне деген ықыласының жоғары екенін дәлелдейді.

Театр саласының сапалық өсімі халықаралық және республикалық деңгейдегі жетістіктермен де расталып отыр. 2025 жылы отандық өнерпаздар 190-нан астам фестиваль мен байқауға қатысып, қазақстандық 13 қойылым «Гран-при» мен «Ең үздік спектакль» номинацияларын жеңіп алды. Бұл жетістіктер отандық режиссура мен актерлік мектептің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

2026 жылдың алғашқы тоқсаны бұл үрдістің жалғасын тауып жатқанын аңғартады. Үш айдың ішінде республикалық театрлар 170 927 көрерменге қызмет көрсетіп үлгерді. Жыл басынан бері сахналанған «Қорғансыз», «Қазақи комедия немесе Бонапарттың үйленуі» және «Шолпанның күнәсі» сияқты туындылар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік апта да айтулы шараларға толы болмақ. «Астана Балет» театрының «Болеро Х» қойылымы, Михаил Лермонтов атындағы театрдың «Женитьба» комедиясы, сондай-ақ Құддыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрындағы «Келіндер көтерілісі» спектаклі өнер сүйер қауымды жаңа қырынан таңғалдыруға дайын. Сондай-ақ «Altyn Saqa – 2026» фестивалі мен Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың «Театр түні» жобасы көрермен мен сахна арасындағы байланысты нығайта түсетін маңызды бастамаларға айналмақ. Бұл серпін Қазақстан театрларының тек мәдени орталық қана емес, заманауи қоғамның рухани сұранысын қанағаттандыратын белсенді институт екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

Дереккөз: https://t.me/madenietaqparat

Leave A Reply

Your email address will not be published.