01info.kz- ақпараттық портал

Саяхатшылар таңдауы – Алматы

фото; almaty/press/news
0 51

Алматы қаласы туризм саласында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, жаһандық деңгейдегі ірі саяхат хабына айналып келеді. Қалалық Туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың тоғыз айында мегаполиске 1,87 миллионнан астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға жоғары көрсеткіш. Әсіресе, шетелдік қонақтардың саны артып, 563 мыңнан асса, 1,3 миллион отандасымыз Алматыны демалыс орны ретінде таңдаған.

Саланың қарқынды дамуы инвесторлардың да қызығушылығын тудырды. Туризмге салынған инвестиция көлемі 39,4 пайызға өсіп, 198,8 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде қалада 48 жаңа нысан, оның ішінде заманауи қонақ үйлер мен демалыс базалары есігін айқара ашты.

Алматының халықаралық беделі де биіктей түсті. Bloomberg нұсқасы бойынша қала әлемнің ең үздік 25 бағытының қатарына енсе, CNN, The Telegraph және Booking.com сынды әлемдік басылымдар мен платформалар Алматыны Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталық ретінде таныды. Сонымен қатар, «ALA CRAFT 2025» фестивалі мен ірі іскерлік (MICE) форумдар қаланың оқиғалық туризмін жаңа белеске шығарды.

Инфрақұрылымдық жаңартулар да назардан тыс қалған жоқ:

  • «Алма-Арасан» термалды бұлағы мен танымал тау маршруттары көркейтілді;

  • Таулы аймақтарда күн панельдерімен жұмыс істейтін кемпингтер мен қауіпсіздік үшін есепке алу құрылғылары орнатылды;

  • Туристерге ыңғайлы болу үшін 110 нысанға аудио нұсқаулықтар әзірленіп, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін көрікті жерлердің тактильді модельдері жасалды.

Алматы бүгінде тек табиғатымен емес, заманауи қызметімен де әлемдік саяхатшыларды баурап отырған жайлы мекенге айналды.

Дереккөз: Алматы қ, әкімдігі баспасөз қызметі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.