Астананың коммуналдық қызметтері қала көшелерін қардан тазалауды тәулік бойы жалғастырып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Өткен түнде 935 рейспен 13 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.
27 қаңтар күні таңертеңгі сағаттан бастап 3 113 жол жұмысшысы мен 1 083 бірлік арнайы техника қар тазалау жұмысына жұмылдырылған. Қыс маусымы басталғаннан бері қаладан 232 567 рейспен 3 231 171 текше метр қар шығарылған.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылып, кейін аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыстар жүргізіледі. Қала жолдары мен тротуарларға техникалық тұз себілуде.
Аулада қар тазалау ПИК пен МИБ міндетінде. Қала әкімдігі тұрғындарды қауіпсіздік ережесін сақтауға, көшелер мен тротуарларда абай болуға және қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға шақырады.