Астана ресми түрде Еуропалық қолжетімді туризм желісіне (ENAT) мүше болып қабылданып, бұл беделді ұйымға қосылған ТМД елдері арасындағы алғашқы қала ретінде тарихқа енді.
Бұл мәртебе елорданың мүгедектігі бар тұрғындар мен қонақтар үшін инклюзивті ортаны қалыптастырудағы жүйелі жұмысының халықаралық деңгейдегі мойындалуы болып табылады. Қазіргі таңда қалалық қоғамдық көліктің 92,6%-ы пандустармен жабдықталып, «Астана Опера» театры мен ұлттық музейлер секілді мәдени нысандарда Брайль шрифті, аудиогидтер және арнайы лифтілер сияқты заманауи қолжетімділік стандарттары толық енгізілген. Сонымен қатар, қаланың көрікті жерлерін қамтитын арнайы туристік маршруттар әзірленіп, медициналық туризм аясында халықаралық аккредитациядан өткен жетекші клиникалар ерекше қажеттіліктері бар жандарға сапалы қызмет көрсетуде. Астананың бұл қадамы еуропалық 80 миллионға жуық саяхатшы үшін тартымды орта жасап қана қоймай, қолжетімділікті әр адамның толыққанды өмір сүру құқығы ретінде бекітуді көздейді.
Дереккөз: Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметі