АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА,
СҚО ҚХА Журналистер клубының мүшесі,
И.Шухов атындағы қызметкерi,
«Sаnа» әдеби-музыкалық клубының ұйымдастырушысы:
2025 жылға алғыс айту — өте әдемі ой екен. Осы жыл мен үшін жалпы жаман болған жоқ, өкпем жоқ.
Ең бастысы отбасым аман, Отаным тыныш болсым дегім келеді. Есте қалатын көптеген оқиғалар, эмоциялар мен сәттер әрине болды. Мен де жыл сайын өзімнің кәсіби дамуым аясында көптеген жұмыстарды жүзеге асыруды мақсат етіп, алға қойған армандарымды іске асырдым деп айтуға болады. Өткен жылға ризамын. Әрине, әр түрлі мамандықтар маңызды. Ал кітапханашы болу — үлкен миссия: білімді сақтап, оқырманға жол ашып, бағыт-бағдар беру. Кез келген қызметкердің еңбегі әрдайым бағаланады. Осы орайда менің қасымда болған әріптестеріме, маған берген мүмкіндіктері мен үлкен тәжірибесі үшін алғысым шексіз.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін, оқырмандарға қазақтілді әдебиеттерге сұранысты арттыру, өскелең ұрпақты зияткерлік-рухани даму іс-шараларын өткізу, өзара құрмет пен ынтымақтастық атмосферасын құруға тарту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында 2021 жылы И.Шухов атындағы ОҚК жанынан ашылған «Sana» әдеби-музыкалық клубы маған көп әсер етті, серпін берді. Бұл клуб — өлең мен әуеннің, шығармашылық пен достықтың мекені. Осы жөнінде клубтың белсенді мүшелеріне, құнды тәжірибе үшін көп рақмет! Себебі зиялы қауымның қолдауымен мен өзімді емін-еркін сезініп, мүмкіндіктерімді алға жылжыттым. Ризамын.
Биыл Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Бірлік пен келісімге 30 жыл» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына делегат ретінде қатыстым. Президентіміз бірлік пен тұрақтылықты сақтау туралы айтып, еліміздің дамуында этностар арасындағы татулық маңызды орын алатынын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Бірлік күніне орай Достық үйінде өткен жиында «Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл» деген мерекелік медаліне ие болдым. Еңбегiм бағаланды. Рақмет! Қуаныштымын!
Құрметті жерлестерiм, баршаңызға 2026 жыл мол қуаныш, зор денсаулық, жетістік, армандарыңның орындалуын әкелсін. Әр күндеріңiз шуақты, әр қадамдарыңыз сәтті болсын. Жаңа мүмкіндіктерге толы, бақытты жыл болсын!