01info.kz- ақпараттық портал

Бішкекте трансплантология бойынша халықаралық симпозиум өтті

фото: ДСМ
0 16

Бішкек төрінде Орталық Азия, Түркия, АҚШ және Таяу Шығыс елдерінің жетекші трансплантолог-хирургтары мен сарапшыларының басын қосқан ағза донорлығы мен трансплантаттау бойынша халықаралық симпозиум өтті. Түркі әлемі трансплантология қоғамының (TDTD) қолдауымен ұйымдастырылған бұл шарада қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту, жаңа клиникалық тәсілдерді енгізу және заңнаманы жетілдіру сияқты саланың негізгі сын-қатерлері талқыланды. Айтулы алаңда ел намысын қорғаған қазақстандық делегация отандық трансплантаттау қызметі мен донорлықты үйлестіру жүйесінің тәжірибесімен бөлісті.

Симпозиум барысында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов еліміздегі бауырды трансплантаттаудың нәтижелерін таныстырса, Республикалық үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов Қазақстандағы донорлық жүйесінің тиімділігі мен мәйіттік донорлықты дамыту барысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, отандық мамандар бауыр ауыстырғаннан кейінгі билиарлық асқынулар мен бұл саланың этикалық-құқықтық аспектілерін ортаға салды. Жиынға қатысушылар тірі донордан ағза ауыстыру белсенді дамығанымен, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты ілгерілету мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың өзектілігін атап өтті. Салыстырмалы түрде бұл басқосу Қазақстан үшін өз жетістіктерін әлемдік деңгейде көрсетуге және алдағы даму бағыттарын айқындауға зор мүмкіндік берді.

Дереккөз: ДСМ

Leave A Reply

Your email address will not be published.