Алматы қаласында халықаралық робототехника және инновациялық технологиялар саласындағы ең ауқымды шаралардың бірі – Almaty Tech Cup XII: Age of AI чемпионаты жалауын желбіретті. Биылғы дода ерекше серпінмен өтіп жатыр, өйткені оған еліміз бен шетелден жиналған 3 мыңнан астам мектеп оқушылары, студенттер мен жас инженерлер қатысуда. Дарынды жастар робототехника, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, киберқауіпсіздік, аэроғарыштық технологиялар және жасанды интеллектті қоса алғанда, ең өзекті деген 14 заманауи технологиялық бағыт бойынша өзара бақ сынасуда.
Биылғы чемпионаттың басты тақырыбы — Age of AI, яғни «Жасанды интеллект дәуірі» деп бекітілуі тегін емес. Бұл тақырып жасанды интеллекттің бүгінде тек алыс болашақтың технологиясы ғана емес, білім беру, ғылым және заманауи инженерия салаларында күнделікті кеңінен қолданылып жүрген маңызды әрі пәрменді құралға айналғанын айқын көрсетеді. Екі күнге созылатын тартысты бәсеке барысында қатысушылар өздерінің бірегей инженерлік жобаларын таныстырып, күрделі роботтарды бағдарламалауда, дрондарды басқару шеберлігін паш етуде, автономды жүйелер әзірлеп, жасанды интеллект модельдерін оқыту бойынша өз дағдыларын ортаға салуда.
Чемпионаттың бағдарламасы өте бай әрі тартымды жобаларға толы. Оның аясында FIRST LEGO League, FIRST Tech Challenge, RoboCup, ABU Robocon және Battle of Bots сияқты әлемге танымал жарыстар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Unitree гуманоид роботына арналған озық шешімдерді әзірлеуге бағытталған 48 сағаттық Physical AI Hackathon марафоны, FPV-дрон жарыстары мен Drone Soccer қамтылған Alem Drone League бәсекесі, CanSat және CubeSat жобалары ұсынылатын World Space Olympiad ғарыш олимпиадасы өтуде. Бұған қоса, электромобильдер мен жасанды интеллект негізіндегі автопилотпен жабдықталған көліктер сайысатын Future Race инженерлік жарыстары, CTF (Capture the Flag) форматындағы киберқауіпсіздік бәсекелері, сондай-ақ жастардың білімін шыңдайтын AI STEM Cup, Smart Sarbaz және Hour of AI білім беру бағдарламалары енгізілген.
Осы орайда, озық идеялар тоғысқан бұл бірегей инженерия мерекесінің ұйымдастырушылары – Алматы қаласының әкімдігі мен USTEM Foundation қоғамдық қоры екенін айта кеткен жөн. Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің, Ashyq Aspan ғылыми-білім беру қорының және OMODA & JAECOO компаниясының тікелей қолдауымен жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Бұл чемпионат еліміздегі жас таланттардың ашылуына және отандық креативті индустрия мен жаңа технологиялардың серпінді дамуына зор үлес қосары анық.
Дереккөз: https://t.me/oqu_agartu