01info.kz- ақпараттық портал

Ғасыр сазгері: Алматыда Александр Зацепиннің бірегей қолжазбалары таныстырылды

фото: 5-tv.ru
0 27

Бүгін, 2026 жылғы 10 наурызда, музыка әлемінің тірі аңызы, көрнекті композитор Александр Зацепин 100 жасқа толды. Оның «Кавказ тұтқыны», «Ы операциясы», «Гауһар қол» секілді классикалық туындыларға жазған әуендері бірнеше буын ұрпақтың сүйікті әндеріне айналды. Осы айтулы мерейтой аясында Алматыда сазгердің шығармашылық қалыптасу кезеңінен сыр шертетін құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Александр Зацепиннің кәсіби өнер жолы Алматымен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 50-жылдары ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, танымал композитор Евгений Брусиловскийдің жетекшілігімен кәсіби шеберлігін шыңдаған. Дәл осы жылдары оның «Қазақфильм» киностудиясымен алғашқы шығармашылық байланысы басталып, аты аңызға айналған «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне музыка жазды. Бұл туынды сазгердің кино әлеміндегі зор табыстарына жол ашқан алғашқы қадамдарының бірі болды.

Бүгінде Құрманғазы атындағы консерватория мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының кітапхана қорларында композитордың тарихи қолжазбалары мен дипломдық жұмысы ұқыпты сақталып келеді. Бұл құжаттар маэстроның студенттік кезден-ақ зор дарын иесі болғанын айғақтайды. Өз ғұмырында 300-ден астам туынды жазып, 100-ден аса фильмді музыкамен әрлеген Александр Зацепиннің есімі қазақстандық өнер тарихында да алтын әріптермен жазылып қалмақ.

Дереккөз: МАМ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.