Николас Кейдждің үйінен ұрланған ескі комикс арада жылдар салып, рекордтық 15 миллион долларға (шамамен 6,7 миллиард теңге) сатылып, әлемді таңғалдырды. 1938 жылы жарық көргенде небәрі 10 цент тұрған бұл журнал бүгінде тарихтағы ең қымбат коллекциялық жәдігерге айналып отыр.
Бұл тарихи басылымның мұқабасында әлемге әйгілі Суперменнің алғашқы бейнесі бейнеленген. Онда Кларк Кенттің (Суперменнің) жасыл түсті жеңіл автокөлікті басынан асыра көтеріп, оны тасқа ұрып жатқан сәті бейнеленген
Атақты актер бұл бірегей жәдігерді (Action Comics #1) 1996 жылы 150 мың долларға сатып алған еді. Алайда 2000 жылы актердің үйінде өткен кеш кезінде белгісіз біреулер комиксті ұрлап кетеді. Полиция арада 11 жыл өткенде ғана оны Калифорниядағы қараусыз қалған қоймалардың бірінен кездейсоқ тауып, заңды иесіне қайтарған. Кейдж көп ұзамай оны 2,2 миллион долларға сатып жіберді, ал қазіргі жаңа иесі бұл құндылықты 15 миллион долларға бағалады.
Николас Кейдж өмір бойы Суперменді сомдауды армандаған. Тіпті ұлының есімін де Суперменнің шын атымен — Кал-Эл деп қойған. Бірақ оған кинода басты рөл бұйырмады (фильм түсірілмей қалды). Есесіне, тағдыр оған осы кейіпкердің тарихтағы ең алғашқы, ең құнды бейнесін иеленуді жазды.
Сарапшылар бұл комикстің бағасын Леонардо да Винчидің әйгілі «Мона Лиза» туындысымен салыстырады. Себебі «Мона Лиза» да Луврдан ұрланғаннан кейін бүкіл әлемге танылып, бағасы аспандап кеткен болатын. Бұл комикс те ұрлық оқиғасынан кейін нағыз аңызға айналды.
Дереккөз: peopletalk.ru