01info.kz- ақпараттық портал

Жүрекке жол тапқан жырлар: Бүгін ақын Қалқаман Сариннің туған күні

фото: Қ.Сариннің фб парақшасынан
0 40

Бүгін заманауи қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, жыр сүйер қауымның сүйікті ақыны Қалқаман Сарин туған күнін атап өтуде. Оның қаламынан туған әрбір туынды шынайылығымен және сыршылдығымен ерекшеленеді. Ақынға 01info.kz ұжымы зор денсаулық пен шығармашылық шабыт тілей отырып, назарларыңызға өлеңдерін ұсынады. 

Қалқаман Сарин 

Қыс.Елес

Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.

Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.

Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.

Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.

Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.

…Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.

Сағыныш…
Ғазал көктемім, жазар көктемім!
Қайдасың? Сенсіз мазам жоқ менің.
Сабырым қашып сағынып жүрмін,
Көліме қонып қаз әндеткенін,
Жеріме келіп жаз әндеткенін…
Аңсаған үлбір үкілі бақты,
Мендік жүректің лүпілі қатты.
Қаталдығынан қайтпаған әлі,
Қаһарлы қыстың үкімі қатты.
Қамалып қарға кешкі бақтарда,
Тоңады бүршік тек шыдап талда.
Сағынышымды сыр қып айтамын,
Сарғайып жатқан ескі хаттарға.
Толғағы келіп толағай жырдың,
Қорегі болдым қомағай мұңның.
Ғазал көктемім, жазар көктемім!
Сен едің сыйлы қонағы айдынның.
Орайын таппай ойымдағы дау,
Өзіңді күтіп уайымдадым-ау.
«Сүйем!» деп сені сыбырлап тұрмын,
Сүйеніп үнсіз қайыңға мынау.

Leave A Reply

Your email address will not be published.