Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында республиканың автожол саласын дамытудың ағымдағы жағдайы мен жоспарлары туралы баяндады. Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 95 мың шақырым автомобиль жолдары бар, оның ішінде республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдың 94%-ы, ал жергілікті маңызы бар 70 мың шақырым жолдың 91%-ы нормативтік талаптарға сай.
Алдағы үш жылда жергілікті органдармен бірлесіп өңірлік жолдарды жөндеу жұмыстарын 5 есе арттыру көзделген. Бұл шара 32 мың шақырым жолдың сапасын 95%-ға дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта ведомстволық нормативтер мен стандарттарға тиісті өзгерістер енгізіліп, әкімдіктермен тығыз жұмыс басталды.
Сонымен қатар елімізде 7 халықаралық автомобиль дәлізі қалыптасып, жалпы ұзындығы 2000 шақырым болатын «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» сынды 4 ірі жоба сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта қолданыстағы дәліздердің қарқынын арттырып, жекелеген учаскелерді жаңғырту және транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда.
дереккөз: https://t.me/ukimet_points