2026 жылғы 24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) аясында Орталық Азияның 100-ден астам жас эко-белсенділері климаттық дағдарыспен күресу үшін бас қосады. ЮНИСЕФ, ҚР Оқу-ағарту және Экология министрліктері ұйымдастырған бұл воркшопқа 16-25 жас аралығындағы 150-ге жуық қатысушы, соның ішінде сарапшылар мен үкімет өкілдері жиналып, қоршаған ортаны қорғаудың нақты шешімдерін әзірлемек.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар атап өткендей, іс-шараның басты мақсаты — шешім қабылдау деңгейінде жастардың үнін естірту және аймақтың қауіпсіз болашағына инвестиция салу. Саммитте экологиялық сананы қалыптастырудың негізі ретінде «Жасыл мектептер» платформасын дамыту, су ресурстарын басқару, циклді экономика және климаттық мәселелерде жасанды интеллектті қолдану мәселелері талқыланады.
Воркшоп қорытындысы бойынша жастар дайындаған жобалар мен Жастар мәлімдемесі RES-2026 саммитінің ресми құжаттарына енгізіледі деп күтілуде.
дереккөз: ortcom.kz