Жаңа жылды мерекелеу кезеңінде ішкі істер органдарының жеке құрамы қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын күзету үшін күшейтілген қызмет көрсету режиміне көшті. Polisia.kz порталының хабарлауынша, мереке түні көшелер мен қоғамдық орындарда ауыр және аса ауыр қылмыстар орын алған жоқ, деп хабарлайды 01info.kz.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында полицияның «102» жедел арнасына 11 448 өтініш келіп түскен. Оның 3 мыңнан астамы тікелей мерекелік түнде тіркелді. Айта кетерлігі, қоңыраулардың басым бөлігі қылмыстық емес, анықтамалық сипатта болған. Азаматтар көбіне пиротехниканы қолдану ережелері, мұз айдындары мен шыршалардың орналасуы туралы сұрап, адам көп жиналған жерлерде адасып қалған жақындарын іздеуге немесе ауладағы көлік кептелісіне қатысты көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары әрбір өтінішке жедел үн қатып, заң шеңберінде тиісті шараларды қабылдады. Полиция бөліністерінің үйлесімді жұмысы мен қабылданған алдын алу шараларының арқасында елімізде мерекелік іс-шаралар тыныш өтіп, қоғамдық тәртіп толық бақылауда болды.