Шымкенттегі Достық үйінде қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен «Ысырапшылдық – қоғамның дәйекті дамуына кедергі» тақырыбында өңірлік форум өтті.
Қоғамдағы үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және рухани құндылықтарды нығайту жайы талқыланған форумға Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы Аналар кеңесінің төрайымдары, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.
Пленарлық отырысты Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Сүгірбаева жүргізді. Форумда:
—«Энергияны үнемдеу: тұрақты болашаққа апарар жол» тақырыбында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ кафедра меңгерушісі Г.Тұрымбетова
—«Ысырыпшылдықтың алдын алу: Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Э.Мырза-Ғали,
—«Оңтүстік өлкедегі су тапшылығының мәселелері» тақырыбында М.Әуезов атындағы ОҚЗУ доценті П.Сұлтанбекова
—«Ысырапшылдыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Тоққұлова,
—«Рухани тәрбие және үнемшіл өмір салты» тақырыбында Шымкент қаласы орталық мешіті бас имамының орынбасары, дінтанушы И.Иманқұлұлы,
—«Жиделі» елді мекені – ішімдіксіз ауыл» тақырыбында Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі О.Тәжібаева,
—«Үнемшілдік – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ҒСТ жетекшісі, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ департамент директоры Қ.Анарбаев және т.б. азаматтар сөз сөйлеп, ысырапшылдықтың алдын алу жайында ұсыныстарын айтты.
Белсенді қоғамдық қызметімен дараланған аналарға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен республикалық Аналар кеңесінің Алғыс хаты табысталды.
Пленарлық отырыстың қорытындысымен форумға қатысушылар қоғамды үнемшілдікке, жауапты тұтынуға және рухани құндылықтарды сақтауға шақырып, үндеу қабылдады.