2026 жылдың 2 наурызында басталған Ұлттық бірыңғай тестілеудің аралық қорытындысы жарияланды. Бүгінгі күнге дейін емтиханды 117 мыңнан астам адам тапсырып үлгерді. Биылғы талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда 71,6 %-ы тестілеуді қазақ тілінде тапсыруды жөн көрсе, 28,3 %-ы орыс тілін, ал 111 адам ағылшын тілін таңдаған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67,11 %-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 63 баллды құраса, ең жоғары нәтиже – 139 балл тіркелді.
Тестілеу барысында инклюзивті ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 283 талапкер кедергісіз емтихан тапсыру мүмкіндігіне ие болды.
Апелляция және бақылау шаралары:
Апелляция: Талапкерлер тест мазмұны бойынша емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш бере алады. Техникалық ақаулар анықталған жағдайда шағым тестілеу кезінде қабылданады.
Ереже бұзушылықтар: Үшінші аптада 179 заңсыз әрекет анықталды. Атап айтқанда, 97 адам тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) алып кірмек болғаны үшін шеттетілсе, тағы 82 адам ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды.
Тексеру: Басқа адамның орнына кіру фактілері тіркелмеген. Дегенмен, бейнежазбаларды талдау жұмыстары 31 қазанға дейін жалғасады. Егер бұзушылықтар кейін анықталса, нәтижелер қайта жойылуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл наурыздағы ҰБТ-ға қатысу үшін барлығы 184 мыңға жуық өтініш түскен.
дереккөз: https://t.me/ortcom_kz