Биылдан бастап ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің құрылымында Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасы өз жұмысын бастайды. Бұл құрылым барлық облыстық, қалалық және аудандық ішкі істер бөлімшелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылмен тікелей айналысады.
Бүгінгі күні полицейлер профилактикалық әңгімелесуден қылмыстық қудалауға дейінгі жұмыстарды жүргізіп келеді. Алайда статистикаға қарасақ, жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңнан астам хабарлама түседі. Жағдайды түзету үшін өткен жылы Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтатын «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойды. Нәтижесінде 2024 жылдың соңына дейін елде зорлық-зомбылық жасау және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша 7 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелді. Бұрын бұл әрекеттер бойынша күдіктілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров.
Брифингте журналистер Ренат Зұлхайыровтан » Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін істі болған азаматтардың жеке басы туралы ақпараттар ашық түрде жариялануы мүмкін бе? Бұл болашақта осы санаттағы қылмыстарды болдырмауға, қыз-келіншектерге жөні түзу емес жігіттерден аулақ жүруге көмектесетін еді » деген сауал жолдады.
Бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Жеке өмір жайлы құпия бар, әзірге мұндай ақпараттарды жариялау ойымызда жоқ. Қызық ұсыныс, бірақ біз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған тұлғалар туралы ақпаратты жариялауды әзірге жоспарлап отырған жоқпыз — деп түсіндірді ол.
Қазақстан ТМД-да отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің осындай кешенді моделін енгізген бірінші ел болып табылады. Жаңа бөлімшеде негізінен әйел қызметкерлер қызмет атқаратын болады.