01info.kz- ақпараттық портал

Түркістанда джинсы мата зауытының іргетасы қаланды

фото: Түркістан обл әкімі сайты
0 20

Түркістан облысының экономикалық ахуалын жақсарту және отандық өндірісті дамыту мақсатында Түркістанда джинсы маталарын шығаратын жаңа кәсіпорынның іргетасы қаланды, деп хабарлайды 01info.kz облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласындағы стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады, соның ішінде жаңа зауыт жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі және 10 млн метр джинсы маталарын өндіреді. Дайын өнімдерді Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығару жоспарланған.

Жоба «Turan» арнайы экономикалық аймағында толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайтын бұл ірі жоба импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Зауыт іске қосылғанда, мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылып, Түркістанды Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар мен АЭА жұмысының жандануы нәтижесінде, биылғы 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құраған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.