01info.kz- ақпараттық портал

Төрткүл дүние таныған өнер: Бейжің аспанында қазақ күйі күмбірледі

фото: МАМ баспасөз қызметі
0 24

Бейжіңдегі Қытай ұлттық опера театрының сахнасында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылуына арналған айтулы Гала-концерт өтті. Екі ел басшыларының уағдаластығы аясында ұйымдастырылған бұл шара 2026 жылды қос мемлекеттің ортақ Мәдениет жылы ретінде айшықтап, стратегиялық әріптестіктің рухани мазмұнын байыта түсті.

Салтанатты кештің шымылдығын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели ашып, бұл бастаманың гуманитарлық байланыстарды тереңдетудегі маңызына тоқталды.

Аида Балаева мәдениетті ұлттың бет-бейнесі мен аударманы қажет етпейтін үнқатысу құралы ретінде атап өтсе, Сунь Ели алдағы уақытта археология, креативті индустрия және кадр даярлау салаларындағы бірлескен жобалардың жанданатынын жеткізді. Кеш бағдарламасында Құрманғазы атындағы ұлттық оркестр, «Астана Опера», «Астана Балет», «HasSak» тобы сияқты еліміздің маңдайалды ұжымдары мен қытайлық өнер шеберлері тоғысқан өнер туындыларын паш етіп, мыңға жуық көрерменге екі халықтың бай мұрасын танытты.

Бейжіңде Қазақстан мәдениет орталығының ашылуымен тұспа-тұс келген бұл айтулы оқиға бауырлас елдер арасындағы достық пен шығармашылық ынтымақтастықтың жаңа дәуірін бастап берді.

Дереккөз: МАМ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.